Түркия Вице-Президенті Ф. Октай Ә. Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
Ф. Октай қаңтарда болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, Түркия Қазақстанға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
"Түркия Республикасы – Қазақстанның сенімді әрі стратегиялық серіктесі. Қазақстан Үкіметі ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша Түркиямен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады", – деді Ә. Смайылов.
Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 3,74 млрд долларды құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 32%-ға артық және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден анағұрлым асып түседі. ҚР Тәуелсіздік жылдарында Түркия Қазақстан экономикасына шамамен 5 млрд доллар инвестиция салды. Қазақстанның Түркияға салған инвестиция көлемі 1,1 млрд долларды құрады.
Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады.