Anadolu Ajansı агенттігінің хабарлауынша, Түркия БҰҰ-ға Израильге қару-жарақ эмбаргосын енгізу туралы 52 мемлекет пен екі халықаралық ұйымның үндеу хатын жолдады. Бұл бастама Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның ұсынысымен көтерілген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бастама халықаралық қауымдастықты Израильге қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сатуды тоқтату мәселесіне назар аудартуға бағытталған.
Мақсат — Израильдің басып алынған Палестина аумақтарында, әсіресе Газа секторында халықаралық құқықты, соның ішінде гуманитарлық және адам құқықтарын бұзуының алдын алу.
Хатта Газа секторын қоса алғанда, басып алынған Палестина жерлерінде, сондай-ақ Ливан мен Таяу Шығыстың басқа аймақтарында зорлық-зомбылықтың күшеюі мен халықаралық құқықтың бұзылуына алаңдаушылық білдірілген. Сонымен қатар, Израиль әрекеттерінің салдарынан бейбіт тұрғындар, әсіресе әйелдер мен балалар арасында құрбандар санының күн сайын артып келетініне баса назар аударылды. Бұл қауіпті тенденцияны тоқтату үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігі де атап өтілген.
1 қарашада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке, Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететін Ұлыбританияға және БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Филимон Янгқа хат жолданды.
Түркия Израильге оқ-дәрілер жеткізуді тоқтатуды халықаралық қауымдастықтың заңды міндеті әрі моральдық борышы деп санайды.
Хатқа қол қойған елдер қатарында Түркия, Палестина, Бахрейн, Бангладеш, Біріккен Араб Әмірліктері, Боливия, Бразилия, Бруней-Даруссалам, Буркина-Фасо, Алжир, Джибути, Қытай, Индонезия, Марокко, Гамбия, Оңтүстік Африка, Ирак, Иран, Катар, Қазақстан, Қырғызстан, Колумбия, Комор аралдары, Кувейт, Куба, Ливия, Ливан, Мальдив аралдары, Малайзия, Мексика, Мысыр, Мавритания, Намибия, Нигерия, Никарагуа, Норвегия, Пәкістан, Ресей, Сент-Винсент және Гренадин аралдары, Сан-Томе және Принсипи, Сенегал, Сомали, Судан, Сауд Арабиясы, Чили, Тунис, Оман, Иордания, Венесуэла, Вьетнам, Йемен және Зимбабве бар.
Сонымен қатар, құжатқа Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) да қол қойды.