Орталық барлау басқармасының мәліметінше, туу деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингінде Қазақстан 229 мемлекеттің арасында 105 орынды иеленді.
Елімізде 10 мың адамға шаққанда 164 нәрестеден келеді.
Көшбасында Нигер (10 мың адамға шаққанда 475 сәби), Ангола (427), Уганда (423). Рейтингтің соңында Монако (64 нәресте) тұр.
ЕАЭО елдері арасында Қырғызстанның көрсеткіші Қазақстанға қарағанда жоғары: мұнда 10 мың адамға шаққанда 206 нәресте. Арменияда - 119, Ресейде - 100, Беларусьте - 95 нәресте.
2020 жылы қаңтар-қараша аралығында елімізде қанша сәби дүниеге келді?
Осы уақыт аралағында 386,9 мың сәби дүниеге келді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары.
Туу көрсеткіші жоғары өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыста 55,3 мың сәби дүниеге келген (14,3%), бір жыл ішіндегі өсім +8,5%.
Кейін тізімде Алматы облысы (49,1 мың сәби, +6,4%) және Алматы қаласы (32,3 мың сәби, +2,9%) тұр.
Қанша нәресте қайтыс болды?
2020 жылдың 11 айында Қазақстанда 1 жасқа дейінгі аралықта 3 мың нәресте қайтыс болған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,8%-ға аз.
Оның ішінде қайтыс болғандардың 63,1%-ы қала, 36,9% -ы ауыл тұрғындары.
Еліміздегі нәресте өлімінің коэффициенті 1000 туған сәбиге шаққанда 7,79 жағдай.
17 облыстың 8-інде коэффициент республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары болып саналады.
Сәби өлімінің ең жоғары коэффициенті Қостанай облысына тиесілі:
1000 нәрестеге шаққанда 10,96 жағдай.