Қазақстан үкіметі Трамптың баж салығын енгізуіне байланысты мәлімдеме жасады

561

Қосымша баждар белгілі бір тауар топтарына қатысты болмақ. 

Қазақстан үкіметі Трамптың баж салығын енгізуіне байланысты мәлімдеме жасады Фото: РБК

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың бірқатар тауарларға жаңа кедендік баждар енгізуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауар түріне баж салығын енгізетінін жазған болатынбыз. Тізімде Қазақстанның да аты аталды. 

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, АҚШ тарапынан қабылданған жаңа сауда шараларын алдын ала талдау нәтижесінде, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарларының айтарлықтай бөлігіне қосымша тарифтердің әсері болмайтыны анықталды. Өйткені олар АҚШ әкімшілігінің нормативтік актілерінде көзделген ерекшеліктер тізіміне енгізілген.

Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың нәтижесі бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд доллар болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға артық. Қазақстанның АҚШ-қа экспорт көлемі 2024 жылы 30,6%-ға артып, 2,0 млрд долларға жетті. АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі – 2,2 млрд доллар.

"Қазақстанның АҚШ-қа негізінен шикі мұнай, уран, күміс, ферросплавтар және басқа да тауарлар экспортталады. Бұл санаттағы өнімдер АҚШ Президентінің "Тауарлар саудасындағы маңызды және тұрақты тапшылықты жою мақсатында өзара тарифтер арқылы импортты реттеу туралы" Жарлығы бойынша ерекшеліктер тізіміне енгізілген тауарлардың 92%-ын алады", - делінген министрлік ресми хабарламасында.

Ведомство қосымша баждар белгілі бір тауар топтарына қатысты екенін баса айтты. Бұл санаттағы тауарлардың экспорт көлемі былтыр 95,2 млн доллар болған. Олардың ішінде фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай клейковинасы, аммоний нитраты бар. 

"Қабылданған тарифтік шаралар Қазақстанның АҚШ-қа жалпы экспортының тек 4,8%-ына ғана әсер етеді. Үкімет Қазақстанға қатысты қосымша баждарды қолданбау мүмкіндігін талқылау үшін АҚШ тарапымен консультациялар жүргізуге ниетті", - деп хабарлады Сауда министрлігі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу