Данияр Ақышевтің депутаттық сауалға жауабы жарияланды

999

Депутаттар зейнетақы жинақтарының сақталуы және зейнетақы активтерін барынша тиімді басқарушыларды таңдау бойынша сауал жолдаған еді.

Данияр Ақышевтің депутаттық сауалға жауабы жарияланды

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Д.Т. Ақышев Қазақстан халқы ассамблеясынан Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаттары Ш.Х. Хахазовтың,С.А. Әбдірахмановтың, Н.В. Жұмаділдаеваның, Р.У. Кимнің, Н.Г. Микаеляннің, А.С. Мурадовтың, Ш.У. Нурумовтың, Ю.Е. Тимощенконың зейнетақы активтерін сыртқы басқарушыны таңдау тетігі қағидаттарына қатысты депутаттық сауалына жауап берді. 

"2016 жылдан бастап Ұлттық банк зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдерін түбегейлі қайта қарады. 2017 жылғы тамызда зейнетақы активтерін басқару үшін сыртқы басқарушыларды тартуға мүмкіндік берген БЖЗҚ инвестициялық декларациясы өзгертілді. Тиісінше, 2017 жылғы қыркүйекте Ұлттық банк басқармасы БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйымдарды таңдау қағидаларын бекітті", - дейді Ақышев.

Оның айтуынша бүгінде сыртқы басқарушыларды таңдау барлық ықтимал қатысушылар үшін барынша айқын. БЖЗҚ зейнетақы активтері үшін сыртқы басқарушыларды таңдау бойынша тендер туралы хабарлама Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланады, сондай-ақ нарық қатысушыларына Bloomberg және Financial Times сияқты мамандандырылған жүйелер мен басылымдар арқылы хабарланады. Сондай-ақ, тендерге қатысу үшін тізімі Ұлттық банктің және Ұлттық қордың активтері бойынша сыртқы басқарушылармен 18 жылдық жұмыс тәжірибесінде қалыптасқан 300 компанияға шақырту жіберіледі.

Тендерге қатысушылардың кемінде 10 жылдық жұмыс тәжірибесі және басқаруында 25 млрд АҚШ долларынан кем емес балама сомада клиенттердің активтері болуға тиіс.

"Бұл ретте шетелдік басқарушы компаниялар тек индекстік инвестициялауды пайдалана алады, ол тәуекел мен кірістілік өлшемдері бойынша іріктелген қаржы құралдарының жиынын білдіреді. Аталған индекстерді дүниежүзінің жетекші қаржы ұйымдары (JP Morgan, Bank of America Merrill Lynch, Bloomberg т.с.с.) әзірледі. Тиісінше, аталған тәсіл инвестицияларды жеке алынған қаржы құралына немесе бір эмитентке шоғырландырудың мүмкін еместігін білдіреді", - дей келе Ақышев Ұлттық банктің заңнамалық және реттеу нормаларының сақталуына әрдайым талдау жасайтынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу