Қазақстан ұлттық брендінің бағасы көтерілді

1930

Brand Finance 2019 жылдың ұлттық брендтер тізімін жариялады. 

Қазақстан ұлттық брендінің бағасы көтерілді

Бұл тізімде бірінші орынға АҚШ тұрақтады.

Brand Finance компаниясы жыл сайын 100 ұлттық брендтер рейтингін жариялайды. Зерттеу авторлары ұлттық бренд елдің беделі, әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететінін айтуда, деп хабарлайды ranking.kz. Сарапшылардың пікірінше, дамушы мемлекеттердің брендтері дамыған елдердікіне қарағанда жылдам танымал болады. Осылайша дамушы мемлекеттердегі орташа өсім 13,9%-ды көрсетсе, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 0,4%-ға тұрақтады.

Компания 100 елдің бет бейнесіне айналған заттарына сараптама жасаған. Нәтижесінде ең қымбаты АҚШ, Қытай және Германияның  ұлтты брендтері екені анықталды. Бұл ретте АҚШ-тың бренді - 27,8 трлн долларға, Қытайдікі - 19,5 трлн долларға, Германия мемлекетінікі - 4,9 трлн долларға бағаланды. Бұл тізімде үздік бестікті Жапония (4,5 трлн доллар), Ұлыбритания (3,9 трлн доллар) қорытындылайды.

Ал Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 7 сатыға көтеріліп, 44 орынға тұрақтаған (2018 жылы -51 орын). Осылайша 43 орындағы Иран мен 45 орындағы Жаңа Зеландияның ортасына жайғасқан. Еліміздің ұлттық бренді Румыния, Португалия, Венгрия сынды кейбір Еуропа елдерінен қымбат екені байқалады. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден бұл тізімге Ресей (14 орын) ғана кірген.

Ұлттық брендер рейтингін жасауда елдегі экономикалық, демографиялық және саяси ахуал ескеріледі. Сонымен қатар, тізім мемлекеттің инвестициялық - туристік тартымдылығы, өндіріс, ұлттық тауарлар мен қызметтерді тұтыну және экспорт, адами капитал сынды көптеген факторлар негізінде құрылады.

Айта кететіні, биылғы жылғы рейтингте Қазақстан бренд бағасының қымбаттауы бойынша ең жоғары көрсеткішке ие он елдің қатарына кірген. Яғни, ұлттық брендіміздің құны 41,9%-ға өскен. Бұл рейтингке кірген елдер арасында 8 орын. Ал ең жоғары нәтижені көрсеткен Гана мемлекеті. Аталған елдің ұлттық брендігің бағасы бір жылдың ішінде 67,1%-ға көтерілген.

Жалпы 2018 жылы Қазақстан экономикасының даму қарқыны 4,1%-ға өскен. Бұл әлемдік экономиканың орташа даму қарқынынан сәл ғана жоғары (3%). 2018 жылы ішкі жалпы өнім 61,8 трлн теңгеге жетті (2017 жылы - 54,4 трлн теңге). Сонымен қатар, 2019 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысына сүйенсек, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ішкі жалпы өнім 4,3%-ға өскен. Ал ұлттық қор активтері 2,4%-ға көбейіп, 59,4 млрд долларды құрады. Республикалық бюджет кісірі 7677,6 млрд теңге тұрақтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу