Қазақстан ұлттық құрамасы грек-рим күресінен көш бастады

1134

Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласында грек-рим күресінен Азия чемпионаты аяқталды.

Қазақстан ұлттық құрамасы грек-рим күресінен көш бастады

Құрлық біріншілігіне Қазақстан сапынан 10 спортшы қатысып, оның 9-ы жеңіс тұғырынан көрінді.

Атап айтқанда, грек-рим күресінің шеберлері 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы ұпай саны бойынша жалпыкомандалық есепте Азия чемпионатында көш бастады. Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша "классиктер" барлығы 180 ұпайға ие болған. Иран құрамасы екінші болса, Қырғызстан балуандары үздік үштікті түйіндеді.

Алғашқы алтын 

Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 130 келіде белдескен Әлімхан Сыздықов салды. Ол финалда Оңтүстік Корея спортшысы Ким Минсокты таза жеңіспен ұтты. 

Жарысқа ширек финалда қосылған ол Роман Кимді, жартылай финалда жапониялық Арато Сонададан айласын асырған болатын.

Сенсацияға баланған жеңіс

Жарыстың екінші күнінде Мейіржан Шермаханбет әдемі күрес көрсетіп, 67 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. Финалда екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы Рю Хан Суды (Оңтүстік Корея) кілемге екі рет алып ұрып, уақытынан бұрын 11:3 есебімен жеңіске жетті.

Бес балуанда - бес күміс

Жеңіл салмақта сынға түскен Аманғали Бекболатов финалда жапониялық Ю Шиотанимен белдесті. Екеуара кездесу 13:2 есебімен жапониялық балуанның еншісіне шешілді.

Ұлан-Батор бозкілемінде Мирамбек Айнағұлов Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. 63 келінің алтынын сарапқа салған отандасымызды шешуші белдесуде Тынар Шаршенбеков тоқтатты. 

77 келіде Мақсат Ережепов қырғызстанның атақты балуаны, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовпен белдесті. Ақтық кезеңде қазақстандық спортшы 3:1 есебімен қарсыласынан жеңіліп қалып, құрама қоржынына үшінші күмісті әкелді. 

Күміс саны жарыстың екінші күні де толықты. 72 келіде Абылайхан Әмзеев Мохаммад Реза Ходжатолла Махториге есе жіберсе, 82 келіде Диас Қален Иран спортшысы Расул Саде Гармсириге қарсы тұра алмады. 

Қоржында қос қола

Қазақстан сапындағы тәжірибелі балуандардың бірі Нұрсұлтан Тұрсынов та жүлдеден тыс қалмады. Ол 87 келіде ол жұбаныш белдесуінде қырғызстандық Мелис Айтбековты 7:2 есебімен ұтып, қола жүлдеге ие болды. Ал 60 келіде Ернұр Фидахметов моңғолиялық Балжинням Цевеенравданды ұтып, қоланы қанағат тұтты. 

Осылайша, бас бапкер Серік Жұмашев баптаған грек-рим күресінен ұлттық құрама ұландары Азия чемпионатын тоғыз 9 медальмен Азия чемпионатын аяқтады. Ұлан-Батор бозкілемінде 21-22 сәуір күндері бұрымды балуандар өзара мықтыны анықтайтын болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу