Әлеуметтік желіде футболдан Қазақстан құрамасының жеңісі үшін жеті шелпек пісірген жанкүйер апаның видеосы тарады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
86 жастағы футбол жанкүйері Күлзия апа Абай облысы, Тассай ауылының тұрғыны.
"Шелпекті футболшылардың жеңісі үшін пісіріп жатырмын, олар қазір ойнайды. Сағат 1-де бастайды", - дейді апа видеоны түсіріп тұрған адамға.
Апаның әрекетіне сүйсінген желі қолданушылары "Еуроға шықсақ апамызды Германияға апару керек қой!" , "Көзіме еріксіз жас келді! Қазағым деген жүрегіңізден айналдым Асыл Әже! Әжеміздің ниетін Аллам қабыл етсін, Әмин!", деп пікір қалдырды.
Айта кетсек, Словения мен Қазақстан арасындағы матч сағат 01:45-те Qazsport телеарнасынан көрсетіледі.