Оның ішінде қазақ-өзбек шекарасында "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру бойынша шаралар да бар, деп жазады inbusiness.kz.
"Шекара маңындағы сауда, көлік, логистика және өнеркәсіптік кооперация орталықтарының желілерін ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзбекстанмен шекарада "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру бастау алды. Жол картасы іске асырылып жатыр, орталықтың орналасатын жері анықталды, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жоспарланып отыр", - деді ол.
Министрдің сөзінше, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында "Солтүстік-Оңтүстік" шығыс тармағының инфрақұрылымын Иран бағытында дамытуға ерекше назар аударылады.
"Үндістан, Пәкістан бағытында тасымалдау әлеуетін дамытуға басымдық беріледі. Қытаймен, Ресей Федерациясымен, Қырғызстанмен сыртқы шекаралардағы орталықтарды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаны сәтті іске асыру транзиттік жүк ағынын 2 еседен астамға, ал шекара маңындағы елдермен тауар айналымын орта есеппен 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ведомство басшысы.