Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев спорттық құзға өрмелеуден әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Ришат Хайбуллинді құттықтады, деп хабарлайды olympic.kz.
"Сізді әлем чемпионатында жүлдегер атануыңызбен құттықтаймын. Келесі жылы жазғы Олимпиада ойындарын қабылдайтын Жапония жерінде жүлде алғаныңыз жақсылықтың нышаны. Бұл Олимпиада бағдарламасындағы жаңа спорт түрі. Сондықтан, 2020 жылғы Токио ойындарында біздің де өкіліміз болатыны қуантады. Әлемдік сында қазақстандық жанкүйерлерге қуаныш сыйлағаныңыз үшін рахмет. Сізге табыс пен жаңа жеңістер тілеймін", – делінген құттықтау жеделхатында.
Жапонияның Хатиодзи қаласында өткен спорттық құзға өрмелеуден әлем чемпионатында қазақстандық Ришат Хайбуллин ерлер арасындағы көпсайыстан қола жүлдегер атанды. Спортшылар "жылдамдық", "боулдеринг" және "қиындық" бойынша жарысты. "Жылдамдықта" Хайбуллин үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орын алды. Осы орайда, Ришаттың әлемдік рекордты жаңартуға жақын болғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, қазақстандық спортшы 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасына қатысу нормативін орындады.
Олимпиада ойындарында тек қана көпсайыстан жүлде таратылады.