Қазақстан ұрғашы сиыр мен қой-ешкінің экспортына 6 айға тыйым салмақ

203

Бүгінде республикада ірі қара 10 миллион басқа жуықтаса, қой 25 млн, ешкі 3 млн бас шамасында. 

Қазақстан ұрғашы сиыр мен қой-ешкінің экспортына 6 айға тыйым салмақ Фото: inbusiness.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі аналық ірі қараның (сиыр) және ұсақ малдың (қой-ешкі) экспортына 6 айға тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы бұйрық жобасынан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрліктің түсіндіруінше, тыйым мемлекет басшысының 3 жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу өнімдерінің үлесін 70 пайызға жеткізу бойынша міндетін орындау үшін енгізілмек. 
Бұл ретте мамандар Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтеріне сүйене отырып, елімізде ірі қара және ұсақ мал басы өсіп келе жатқанын атап өткен. 

Мысалы, 2024 жылғы 1 мамырдағы есеп бойынша, Қазақстанда 9,9 млн бас ірі қара мал, 24,7 млн бас қой және 3 млн бас ешкі болған. 

"Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы мал шаруашылығы өнімінің көлемі 3,3 пайызға өсіп, 4 319,7 миллиард теңгені құрады. Сойыс салмағында ет өндіру 5 пайызға (1302,6 мың тонна), тірі салмақта ет 4,6 пайызға (2265,5 мың тонна) өсті. Сондай-ақ, ірі қара мал басының 0,8 пайызға (8,6 млн бас), қой 1,2 пайызға (19,7 млн бас) өсімі байқалады. Соңғы жылдары отандық өндіріс есебінен шұжық өнімдерін ішкі нарыққа жеткізу 60 пайыздан кем емес (2022 жылы – 61 пайыз, 2023 жылы – 60 пайыз)", – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің жазбасында.

Еске салайық, 2023 жылы ірі қара мен ұсақ малды экспорттауға 6 айға квота енгізілген болатын. Квота ірі қара мал үшін 60 мың басты құраса, ұсақ мал үшін 120 мың басты құрады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу