Көкшетау, Семей және Өскемендегі ЖЭО-лардың құрылысына "Самұрық-Энерго" компаниясы жауапты. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сұңғат Есімхановтың сөзінше, бұл жобаның тапсырыс берушісі ретінде "Самұрық-Энерго" компаниясы айқындалды.
"Үш жылу электр орталықтарына келсек, шешім қабылданды. "Самұрық-Энергоға" құрылыс жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Барлық еншілес компаниялармен инвестициялық келісімдерге қол қойдық. Сондықтан да біздің әріптестеріміз осы мәселемен айналысып жатыр. Консорциум болады", – деді вице-министр.
Белгілі болғандай, сәуір айында барлық алаңдарда дайындық жұмыстары басталуы тиіс.
"Көкшетауда бұл жұмыстар былтыр басталды. Көкшетаудағы ЖЭО құрылысының аяқталу мерзімі 2029 жылдың ортасы деп белгіленіп отыр. Семей мен Өскемендегі ЖЭО-ларда құрылыс жұмыстары 2029 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр", – деп түсіндірді Энергетика вице-министрі.