Швейцарияның Swiss әуекомпаниясына тиесілі Airbus A350 ұшағы Қазақстан үстінен ұшып бара жатқанда төтенше жағдай туралы сигнал берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әуе кемесі 6 мамырда таңертең Сеулден Цюрихке бағыт алған. Шамамен 11 600 метр биіктікте экипаж борттан дабыл жіберген. Бұл ақпаратты Flightradar24 рейстерді бақылау сервисі де растап отыр.
Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін ұшақ бағытын өзгертіп, Алматыға қарай бет алған.
Tages-Anzeiger басылымының мәліметінше, борт Алматы әуежайына еуропалық уақыт бойынша 9:48-де қонған. Қону сәтінен кейін ұшақ ұшу-қону жолағынан арнайы тұрақ аймағына жеткізілген.
– Қонуға себеп – екінші ұшқыштың денсаулығының күрт нашарлауы. Ұшақ қонған сәтте оны әуежайдың медициналық қызметі күтіп алды. Мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін бекітілген тәртіпке сәйкес науқасты келген қалалық жедел жәрдем бригадасына тапсырды, – деп хабарлады әуе айлағынан.
Қажетті тексеруден өту және әрі қарай ем алу үшін екінші ұшқыш №4 қалалық ауруханаға жеткізілген.