Қазақстан волонтерлік тәжірибені жаһандық деңгейге шығарады

106

Биыл Қазақстанда ТМД-ға мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді. 

Қазақстан волонтерлік тәжірибені жаһандық деңгейге шығарады Фото: Ақорда

Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына атсалысып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұр. Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына атсалысып келеді. Бұл біздің азаматтарымызға жаһандық волонтерлік құрылымдарда бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Еріктілеріміздің осы Бағдарламаға алдағы уақытта да қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санаймын. Қазақстан БҰҰ-мен қатар ШЫҰ, АӨСШК, ТМД секілді маңызды ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр. Мәселен, биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі Халықаралық еріктілер жылы "Орнықты келешек үшін бірге!" ұранымен өтіп жатқанын еске салды.

"БҰҰ қолдауымен Астанада биыл сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммиті аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл іс-шара экология саласындағы үздік волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталық өткізу көзделген. Аталған жиындарға түрлі мемлекеттерден еріктілер шақырылады. Кең байтақ өңіріміздің қайталанбас экожүйесін сақтауға бағытталған бұл бастамаларды қолдаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу