Қазақстан XXIII қысқы олимпиада ойындарында тоғыз спорт түрінен өнер көрсетеді

1163

Қазақстан XXIII қысқы олимпиада ойындарында тоғыз спорт түрінен өнер көрсетеді

Қазақстандық делегация XXIII қысқы олимпиада ойындарында тоғыз спорт түрі бойынша өнер көрсетеді. Бұл туралы ҚР үкіметі отырысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2018 жылы Пхенчхан қаласында (Оңтүстік Корея) өтетін XXIII қысқы олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы баяндады.

Алда өтетін қысқы олимпиада ойындарында әлемнің 80-нен астам елінен 5000-нан астам спортшы мен ресми тұлға қатысады деп жоспарланған. 15 спорт түрі бойынша 102 медаль жиынтығы ойнатылатын болады. Қазақстандық спорт делегациясы 9 спорт түріне қатысуды жоспарлап отыр: биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул).

Қазіргі таңда Қазақстанда екі спорт түрі бойынша 13 лицензия бар (биатлон — 10, мәнерлеп сырғанау — 3). 2017-2018 маусымда лицензияға ие болу үшін қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстанның құрама командасы халықаралық спорттық күнтізбеге сәйкес халықаралық біліктілік жарыстарына қатысады.   

"Еліміздің Олимпиада құрамасын қалыптастыру атлеттердің дене дайындығының деңгейін, психологиялық тұрақтылығын ескере отырып, қорытынды іріктеу кезеңі мен допингке қарсы бақылау нәтижелері бойынша келесі жылдың қаңтарына дейін жалғасады", — деп атап өтті министр.

Бақытжан Сағынтаев мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына қалған күндері қысқы олимпиада ойындарына дайындықты сапалы жүргізуді тапсырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу