Үкімет кулуарында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбавқа журналистер тарапынан осындай сауал қойылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Жалға алушы тарапынан заңбұзушылық болып, Түркия немесе Украина бізге ресми түрде баяндама берсе, онда біз де зерттеп, тиісті шара қабылдап, өз шешімізді белгілейміз. Қазақстан үшін ешқандай салдар болмауы керек. Өйткені Қазақстан халықаралық келісімшартты бұзған емес, бұзбайды да. Біз шешімді күтеміз. Себебі істің мән-жайы толық белгісіз. Қандай да бір шешімнің шыққаны туралы баспасөз хабарламасы тараса, біз соған қарай тиісті шешімді қабылдаймыз", – деді Қайырбек Өскенбаев.
Министр бұған дейін "Жібек Жолы" кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін екенін айтқан.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Ресей туы астындағы "Жібек жолы" кемесі Украина астығын "ұрлады" деп айыпталған. Бердянск теңізінен астық тиеп, Түркияның Қарасу портына жеткен кемені қазір Түркия тоқтатып қойды.
Тасқын Болатұлы