Қазақстан жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресуге дайын

523

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының барысында Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала беретінін мәлімдеді. 

Қазақстан жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресуге дайын

"Ғаламшарымызды құтқару үшін бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция қажет. Бірақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес даму немесе жаңғыру процесінің есебінен жүргізілмеуі керек. Сондықтан осы жылы өтетін COP27 климаттық конференциясында Ұйымға мүше мемлекеттер, сондай-ақ жаһандық бизнес-қоғамдастық климатқа қатысты қаржыландыру жөніндегі өз міндеттемелерін тағы да ұлғайта түсуі керек.

Бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жаһандық дағдарыспен тікелей байланысты. Астық өндіруден әлемде жетінші орында тұрған менің елім – Орталық Азиядағы астық қоры ең мол мемлекет. Біз жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін осы ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға дайынбыз", - деді ел Президенті .

Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала бермек. Сондай-ақ біз Қазақстан орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, сондай-ақ БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл әлемді жайлаған азық-түлік дағдарысында гео-саяси жағдайға қарамастан азықпен қамтамасыз етуде барлық санкциялардан арылу қажеттілігін алға тартты.

"Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату аса маңызды. Қазіргі экономикалық және әлеуметтік қиыншылықтар ұжымдық күш-жігердің жұмылуын қажет ететінін қайталап айтқым келеді", - деді ел басшысы.

Динара Мұрат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу