Елорда төріндегі Ұлттық музейде АҚШ-тың Қазақстан республикасындағы елшілігінің қолдауымен "Америка мен Қазақстан: сіз ойлағаннан да жақын" атты фотокөрме өтуде. Шараны "Qazaq Geography" бірлестігі мен "National Geographic Qazaqstan" журналы ұйымдастырды.
Фотокөрмеде қос ел фотографтарының Америка мен Қазақстанды байланыстырып тұрған фотосуреттер жиынтығы ұсынылуда.
Көрмеге қазақстандық және америкалық фотографтардың 40-тан астам туындысы қойылған. Кәсіпқой фотогафтар Шарын шатқалы мен АҚШ-тағы шатқалдардың, Америка үндістері мен қазақ халқы мәдениетінің ұқсастықтарын және екі ел өміріндегі басқа да көптеген ерекшелікті фотосурет тілінде жеткізген.
"Көрменің негізгі мақсаты – тәуелсіздік жариялағанына 250 жылға жуықтаған алып супердержава – АҚШ пен егемендігін алғанына 28 жыл ғана толатын Қазақстан арасындағы экономикалық, географиялық, тарихи әрі мәдени ұқсастықтарды салыстыра отырып, қос ел туралы көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтіп, қоршаған орта мен табиғатты қорғау проблемаларына қоғам назарын аударту", – деді көрменің ашылу салтанатында Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Жоспар бойынша көрме қазан айының соңына дейін Ұлттық музейде, ал қараша айында елордамыздағы "Mega Silk Way" және Алматы қаласындағы "Mega-Almaty" сауда ойын сауық орталықтарында өтеді.
Нұржан Көшкін