"Өзара мәдениет күндерін өткізу игі дәстүрге айналды. Жастар арасындағы ықпалдастық күшейді. Білім беру саласында тәжірибе алмасып жатырмыз. Бүгін өзіңізбен бірге Астанада әйгілі Манасқа ескерткіш ашамыз. Осының бәрі қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біз оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға Қырғызстан Президентінің қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Садыр Жапаров қырғыз делегациясына қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.
"Қазақстан біздің ең жақын көршіміз. Сыртқы саясатымызда ерекше артықшылықтарға ие болған бауырлас мемлекет әрі негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ. Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Екі елді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, бауырластық, тату көршілік байланыстар, сондай-ақ ортақ мәдени, рухани және діни құндылықтар біріктіреді. Өзара ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі нығая беретініне сенімдімін", – деді Садыр Жапаров.
Келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзиттік, энергетикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібін қарастырды.