2017 жылғы 14 ақпанда Ресей Федерациясының Челябинск қаласында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы мамандарының қатысуымен шекаралық аймақтарда шегіртке тектес зиянкестермен және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресу жөніндегі жылсайынғы халықаралық кеңес өткізілді. Кеңеске Қазақстан мен Ресейдің шекаралық аймақтарының басшылары, мамандары қатысты, деп хабарлайды еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Тараптар 2016 жылы жүргізілген іс-шаралар, шекаралас аумақтардағы шегіртке тектес зиянкестердің дамуы мен таралуының жай күйі, екі тараптағы шегіртке тектес және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестерімен және ауруларымен күресу жөніндегі іс-шаралар туралы ақпараттармен алмасыты. Осы бағыттағы өзара іс-қимыл мен келешектегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
2016 жылы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы бірлесіп жүргізілген іс-шаралардың қорытындысында ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктерінің зақымдануының, сондай-ақ олардың көршілес мемлекеттердің шекаралас аумағына ұшып-қонуының болмағаны аталып өтілді.
Екі мемлекеттің шекаралас аумақтарында тексерулер жүргізу үшін шекаралас аймақтардың бірлескен жұмыс тобын құру мақұлданды.
Жоғарыда аталған іс-шаралар аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі және Ресей Федерациясы ауыл шаруашылығы министрлігі арасында 2017 жылы Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасының шекаралас аумақтарында шегіртке тектес зиянкестердің таралуына жол бермеу жөніндегі бірлескен іс-шаралар Жоспарына қол қойылды.