Жапонияға іссапары барысында "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев Marubeni Corporation компаниясының басқармасының төрағасы Фумия Кокубумен кездесті. Басқосуда Өмірзақ Шөкеев Marubeni Corporation компаниясының Қазақстандағы аса белсене қызмет етіп келе жатқан жапондық компаниялардың бірі екенін атап өтті. Токио қаласында өткен қазақстандық-жапондық бизнес-форумы аясында "Самұрық-Қазына" АҚ қоржындық компаниясы - "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ және Marubeni Corporation арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Marubeni Corporation өзге жапондық компаниялармен бірге Оңтүстік Қазақстан облысындағы Хорасан-1 және Хорасан-2 уран шығарушы кен орындарын игеруге қатысу құқығына ие. Кездесу барысында Өмірзақ Шөкеев екі мемлекет басшысының сирек жер металдарын өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударатынын еске салып өтті. Бұл ретте ол Қордың қарамағында бірқатар кен орындарының бар екенін айтып, оларды бірлесіп игеруді ұсынды. Тараптар бұл мәселені әрі қарай шешуге жауапты тұлғаларды анықтады. "Самұрық-Қазына" жетекшісі мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасы туралы да баяндады. Оның шеңберінде Қор 200-ден астам активтерін сатуда. Өмірзақ Шөкеев ІРО-ға әзірленіп жатқан ірі қоржындық компаниялар жайлы хабардар етіп, "Самұрық-Қазына" АҚ тарапынан үрдістің жариялығына және инвесторлардың тең құқықтарын қамтамасыз етуге басымдық берілетінін атап өтті. Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" Қорының басшысы жапондық көліктік-логистикалық компаниясы Nippon Express аға атқарушы директоры Норифуми Идимен кездесті. Тараптар құрлық бағытымен құрамалы жүктерді тасымалдау саласында өзара серіктестік мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, Қордың қоржындық компаниясы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ KTZ Express атынан Ляньюнган (ҚХР) кемежайынан Дуйсбургке (Германия) дейін жапондық құрамалы жүктерді тасымалдауға ниет білдіруде.