29 наурыздан бастап Қазақстан мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін сыртқа, оның ішінде ЕАЭО мемлекеттеріне әкетуге 6 айға тыйым салуды енгізеді.
Бұл шешім "сұр" экспорттың артып, жанармайдың бүркеме тәсілдер арқылы тасымалдануының өсіп кеткендігіне байланысты қабылданып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazenergy-ге сілтеме жасап.
Соңғы айларда АИ-92 жанармайы мен дизель отынын тұтынудың артуы ЖЖМ бағасының айтарлықтай айырмашылығымен байланысты – Қазақстанда олар көрші елдермен салыстырғанда 17-166%-ға төмен.
Бұл жағдай жанармайды заңсыз әкетуге жол ашады. Құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, мұндай заңсыз шығарылған өнімдердің ай сайынғы көлемі 10 мыңнан 45 мың тоннаға дейін жетеді.
Осы сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстан мұнай өнімдерін, оның ішінде Мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісім шеңберінде әкетуді бақылауды күшейтуге және ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмау үшін импортты жалғастыруға мәжбүр болып отыр.