Қазақстан жастары қандай елдерде тегін оқи алады

1498

ҚР БҒМ бастамасымен жасалған үкіметаралық келісімдер шеңберінде қазақстандықтар тегін оқи алатын елдер саны артып отыр. Қазақстандықтарға гранттарды Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам елдері бөледі, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан жастары қандай елдерде тегін оқи алады

Осылайша, егер 2019 жылы білім беру саласындағы келісімдер аясында мемлекеттер тізімінде 7 ел болса, 2021 жылы олардың саны 10-ға дейін артты.

Мемлекеттердің қатарында Венгрия, Польша, ҚХР, Украина, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан бар. Өткен екі жылда мыңға жуық қазақстандық осы елдердің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алды. Биыл қазақстандықтарға 500-ге жуық грант бөлінді. Үкіметаралық гранттар аясында қазақстандықтар бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша оқи алады.

"Жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық кадрлық әлеуетке нәтижелі әсер етеді. Отандық жоғары оқу орындарында білім беру процесінің сапасын күшейтумен қатар, азаматтарымыздың әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болуы үшін жағдай жасау қажет. Біз "Болашақ" стипендиялық бағдарламасы бойынша ғана емес, үкіметаралық келісімдер шеңберінде де қазақстандықтарды тегін оқыту үшін елдер географиясын кеңейтіп жатырмыз. Қазақстанға оралғаннан кейін мамандар алған білімдерін өздері еңбек ететін саланы дамыту үшін қолданады деп үміттенеміз", – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

2019 жылмен салыстырғанда конкурстық іріктеуге қатысуға ниет білдірушілер саны 15%-ға өсті. Үміткерлерді іріктеуді депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының ғалым-докторларынан тұратын Тәуелсіз комиссия жүргізеді. Үкіметаралық келісімдердің операторы – ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығы.

Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу