Қазақстан "жасыл" энергияға көшу арқылы инвестициялық тартымдылықты арттырып отыр

110

2026 жылы министрлік экологиялық таза энергия өндіру көлемін 8,8 млрд кВт·сағ дейін арттыруды көздеп отыр. 

Қазақстан "жасыл" энергияға көшу арқылы инвестициялық тартымдылықты арттырып отыр Фото: inbusiness.kz

Екі аптадан кейін Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Шараның маңызды оқиғасы ретінде Энергетика министрлігінің "Орталық Азиядағы әділ энергетикалық өту: саясат, инвестициялар және адами капитал" атты панельдік сессиясы ұйымдастырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Көміртекті бейтараптыққа жету жолында энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі – жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) кезең-кезеңімен көшу.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ЖЭК секторы қарқынды даму үстінде: елде жалпы қуаты 3,5 ГВт болатын 162 нысан жұмыс істейді, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы энергия теңгеріміндегі "жасыл" генерацияның үлесі 7%-ға жетті. Өткен жылы энергетикалық жүйе қуаты 503 МВт болатын 9 жаңа станциямен толықты, бұл ретте ЖЭК нысандары өндірген электр энергиясының нақты көлемі 8,6 млрд кВт·сағ құрап, жоспарланған көрсеткіштерден 19,4%-ға асты.

2026 жылы министрлік экологиялық таза энергия өндіру көлемін 8,8 млрд кВт·сағ дейін арттыруды көздеп отыр. Іске асыру жоспарына сәйкес жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 жаңа жоба іске қосылады, оның ішінде 4 жел, 5 күн және 1 гидроэлектр станциясы бар. "Баламалы энергия көздері туралы" Заңның қабылдануы және сутегі энергетикасын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасының өзектендірілуі маңызды кезең болмақ. Инвестицияларды тартудың негізгі құралы ретінде аукциондық сауда-саттық механизмі қала береді, оның 2024–2027 жылдар аралығындағы жалпы көлемі 6,7 ГВт құрайды.

Заманауи энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталған жел электр станцияларының (ЖЭС) мега-жобаларын салу бойынша халықаралық серіктестікті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Жамбыл облысында франциялық TotalEnergies компаниясы 1 ГВт станцияның құрылысын бастап кетті, ал Павлодар облысында Қытайдың State Power Investment Corporation корпорациясымен бірлесіп қуаты 1 ГВт болатын ұқсас жоба іске қосылмақ.

Бұдан бөлек, ЖЭК саласындағы әлемдік көшбасшы – Masdar компаниясы ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға кірісуде. 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанда 8 ГВт-тан астам ЖЭК қуатын іске қосу жоспарлануда, бұл ұлттық энергожүйенің тұрақтылығын және энергия теңгерімінің терең әртараптандырылуын қамтамасыз етеді.

Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – Орталық Азия елдері мен басқа да мемлекеттердің басын қосып, климаттың өзгеруі, су ресурстарының деградациясы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару сияқты өткір экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған халықаралық іс-шара. RES 2026 Астана қаласында (Қазақстан) 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында өтеді. Саммитке мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылым саласының 1500 делегаты қатысады деп күтілуде.

БҰҰ-мен серіктестікте RES 2026 өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу