Қазақстанның негізгі маркасы саналатын CPC Blend мұнайының экспорты желтоқсан айында соңғы 14 айдағы ең төменгі деңгейге түспек. Бұған өткен айда украин дрондарының шабуылынан кейін Ресейдегі мұнай тиеу инфрақұрылымында жөндеу жұмыстарының қолайсыз ауа райына байланысты кешігуі себеп болып отыр. Мұны екі дереккөзге сүйеніп "Рейтер" агенттігі хабарлады.
Украина соңғы айларда Мәскеудің кірістерін қысқарту мақсатында Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына шабуылдарды күшейтті. Бұл жолы келтірілген залал Ресеймен қатар Қазақстаннан да мұнай сатылымының кідіруіне әкеп соққан.
Жүктеу бағдарламасымен таныс дереккөздердің айтуынша, CPC Blend мұнайын тиеу көлемі тәулігіне 1,7 млн баррельден 1,14 млн баррельге дейін төмендейді. LSEG деректеріне сәйкес, бұл – 2024 жылдың қазан айынан бергі ең төменгі көрсеткіш болайын деп отыр.
29 қарашада украин дрондары Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск порты маңында орналасқан Каспий құбыр консорциумы (CPC) терминалына соққы берді. Соның салдарынан үш айлақтың тек біреуі ғана жұмыс істеп, экспорттағы кідірістер мерзімі ұзарған. Ал қолайсыз ауа райы экспортты қалпына келтіруге қажетті техникалық қызмет көрсету жұмыстарын одан әрі қиындатып отыр.
Айта кетсек, ірі мұнай компаниялары қазақстандық мұнайды экспорттау үшін CPC терминалына тәуелді
CPC терминалы – АҚШ пен Еуропаның ірі мұнай компаниялары Қазақстанның кен орындарынан өндіретін мұнайды тиеу нүктесі. Осы шикізатты әлем нарығына жеткізетін корпорациялар қатарында Chevron, Exxon Mobil, Eni және Shell бар.
Дереккөздердің айтуынша, CPC терминалындағы жөндеу жұмыстарының барысына байланысты тиеу көлемінің қысқаруы тіпті күшеюі мүмкін.
Kpler сараптамалық компаниясының деректеріне сәйкес, CPC терминалы 1–23 желтоқсан аралығында шамамен 3,28 млн метрикалық тонна, яғни 26 млн баррель мұнай партиясын тиеген.
Brent мұнайының халықаралық фьючерстік бағасына келсек, ол 29 қарашадағы шабуылдан кейін 1 доллардан астам бағаға көтерілді, ал CPC Blend көлемі тасымалдау жолдарының шектеуліне байланысты азайып отыр.
Дегенмен, CPC компаниясы қаңтар айында CPC Blend мұнайын тәулігіне шамамен 1,65 млн баррель көлемінде экспорттауды жоспарлап отыр.
Дереккөздердің айтуынша, экспортшылар үшінші айлақ нүктесінің қайта іске қосылуын желтоқсанның басынан бері күтіп отыр. Сол себепті олар экспорттық жоспарларды бірнеше рет түзетуге және кейбір мұнай партияларын Қытайға және Баку–Тбилиси–Джейхан құбыры сияқты басқа бағыттарға бағыттауға мәжбүр болған.