Қазақстан жемқорлыққа әбден батқан

1676

Тұрғындардың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысына көңілі толмайды.

Қазақстан жемқорлыққа әбден батқан

Елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Transparency International халықаралық ұйымының дерегінше, Қазақстан 2021 жылы бірден 8 позицияға төмендеген. Еліміз 100 балдың 37-сіне ие болған. Алайда тізімдегі мемлекеттердің орташа балы – 43. Бұл Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары екенін, мәселе ушығып бара жатқанын көрсетеді.

Биыл 28 қаңтарда Nur Otan партиясының отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі сыбайлас жемқорлық қаңтар оқиғасының қозғаушы күшіне айналғанын айтқан, ал 21 қаңтарда ол елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат қайта қаралатынын атап өткен.

Қаңтар оқиғасының жемқорлық салдарынан болуы таңқалатын дүние емес. Деректерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық – қазақстандықтарды толғандыратын өзекті мәселенің бірі. Мәселен Google Trends сервисінің мәліметінше, 2004 жылдан бүгінге дейін Қазақстан іздеу жүйесінде "сыбайлас жемқорлық" сөзі жиі жазылатын 10 елдің қатарында тұр. Проблеманың өзектілігін түсіну үшін мысал келтірейік. Қазақстан жемқорлық көрсеткіші бойынша Индонезия, Кения, Уганда, Нигерия, Эфиопия, Гана, Судан, Ливия, Танзания сынды елдермен қатар тұр.

Елдегі жемқорлықпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі күресіп жатыр. Бірақ оның қызметін тиімді деп атауға келмейді.

Ұлттық статистика бюросы тұрғындар арасында сауалнама жүргізген. Оның қорытындысына сәйкес респонденттердің елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке деген сенім деңгейі төмендеп келеді. 2020 жылы жүргізілген зерттеуге сәйкес, респонденттердің 6,2%-ы бұл құрылымға ішінара немесе толық сенбейтінін айтқан. 2019 жылы бұл көрсеткіш 3,8% болған.

Респонденттердің сенімсіздігінің негізгі себептері:

• Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлыққа батқан;
• Ведомствоның қызметі тұрғындардың құқығын қорғаумен емес, жазалау шараларымен байланысты;
• Қызметкерлердің кәсіби деңгейі төмен;
• Қорқыныш және тағы басқа.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу