Оның сөзінше, еліміз Жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Руслан Желдібай ел Президентінің Қазақстанды алдағы 3 жылдың аралығында толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойғанын атап өтті.
– Еліміздің цифрлық экожүйесін қалыптастыру аясында Президент тапсырмасымен қыруар шаруа атқарылды. "Жасанды интеллект туралы" Заңның қабылдануы – аталған саладағы жаңалықтың бірі. Осылайша, Қазақстан ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз қалаған әлемдегі алғашқы елдердің қатарына енді. Аталған саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, – деді ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы.
Еске салайық, Мемлекет басшысы шілде айында Астанада Аlemcloud ұлттық суперкомпьютерін ресми түрде іске қосқан еді. Қараша айындағы тестілеу қорытындысында аталған жүйе суперкомпьютерлердің әлемдік TOP-500 рейтингінде 86-орынға жайғасты. "Қазақтелеком" АҚ Алматыға екінші Al‑Farabium суперкомпьютерін жеткізді. Ол жаһандық рейтингте 103-орынға тұрақтады.
– Президент, ең алдымен, білікті мамандар даярлауға баса мән беру қажет деп санайды. Сондықтан, елімізде ЖИ саласындағы арнаулы зерттеу университетін құруды ұсынды. Астанада Alemai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Студенттерге арналған AI-Sana бағдарламасы басталды. Сол арқылы қазірдің өзінде 440 мыңнан астам студент ЖИ саласын меңгерді. Жасанды интеллект саласындағы алғашқы қазақстандық "сыңармүйіз" стартап – Higgsfield AI пайда болды. Бұл да – айтулы оқиға, – деп жазды Руслан Желдібай.