Қазақстан жолдарында қытайлық автотасымалдаушылар көбейеді

360

Енді қытайлық автотасымалдаушылар Қазақстан аумағы арқылы Еуропа мен Азия елдеріне транзиттік тасымалдарды жүзеге асыра алады. 

Қазақстан жолдарында қытайлық автотасымалдаушылар көбейеді Фото: grand-trans.ru

Екі ел жүктерді екіжақты және транзиттік тасымалдау, сондай-ақ Үшінші елдерге тасымалдауға рұқсат беруге келісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бүгін Сенат отырысында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары" туралы келісім ратификацияланды.

Қытай — Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Соңғы жылдары екі ел арасында автокөлік тасымалы көлемінің тұрақты өсу үрдісі байқалады. 2023 жылы автокөлікпен тасымалданған жүктердің көлемі 1,8 млн. тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен екі есе көп (708 мың т).

Екіжақты қатынастар дамуының елеулі серпінін ескере отырып, 2023 жылғы 17 мамырда Сиань қаласында Мемлекет басшысының Қытайға мемлекеттік сапары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімге қол қойылды.

Осы Келісімнің басты мақсаты — екі ел арасында автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау.

"Атап айтқанда, келісім жолаушылар және жүк тасымалы мәселелерін, көлік құралының жол жүруіне рұқсат беру және одан босату шарттарын, жүргізушілер мен көлік құралдарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ өткізу пункттеріндегі сақтандыру, салық салу және бақылау мәселелерін реттейді.

Бұдан басқа, келісімде тараптардың тасымалдаушыларының Қазақстан мен Қытай аумақтарына терең ену мүмкіндігін көздейтін ақпараттық технологияларды енгізу және тасымалдау жағдайларын жетілдіру жөніндегі нормалар регламенттеледі. Осылайша, қазақстандық автотасымалдаушылар Қытайдың ірі жүк құраушы қалалары мен халықаралық теңіз порттарына жете алатын болады", — деді сенатор Андрей Лукин.

Сонымен қатар, келісімге сәйкес жүктерді екіжақты және транзиттік тасымалдау, сондай-ақ Үшінші елдерге тасымалдау рұқсат беру негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл екі ел тасымалдаушыларының автомобиль тасымалдарына тепе-тең қатысуын реттеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қытайлық автотасымалдаушылар Қазақстан аумағы арқылы Еуропа мен Азия елдеріне транзиттік тасымалдарды жүзеге асыра алады, бұл өз кезегінде еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу