Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы сервистік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір жол бойында 1 429 сервис нысаны жұмыс істейді. Оның 1 340-ы немесе 94%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 2026 жылы бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу жоспарланған.
Жыл соңына дейін жаңа автожанармай құю станцияларын, қоғамдық тамақтану орындарын және санитариялық-гигиеналық тораптарды салу және орнату көзделіп отыр.
Санитариялық инфрақұрылымға да ерекше мән берілуде. Бүгінде автомобиль жолдарының бойында 170-тен астам модульдік санитариялық торап орнатылған. Бұдан бөлек, демалыс орындары мен аялдама павильондарында тәулік бойы жұмыс істейтін 900-ден астам тегін санитариялық нысан бар.
Нысандардың санитариялық және техникалық жағдайын олардың тиесілілігіне қарай "ҚАЖсервис" ЖШС, жеке кәсіпкерлер мен жалға алушылар қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар электр көліктеріне арналған инфрақұрылым кеңейіп келеді. Халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың бойында қазір 67 электр көлігін қуаттандыру станциясы жұмыс істейді. Зарядтау желісі бірнеше өңірді қамтиды және оны кеңейту жұмыстары жалғасуда.
Көлік министрлігі жол бойындағы сервисті дамытуға жеке инвестиция тартуға да басымдық беріп отыр. Осы бағытта бизнес өкілдері және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жаңа нысандар салу және қолданыстағы сервистік орындарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.