Қазақстан жылқы етіне арналған халықаралық ISO стандартын әзірлеуді ұсынды

730

Бүгінде бұл өнімдер санатына арналған бірыңғай халықаралық құжат жоқ.  

Қазақстан жылқы етіне арналған халықаралық ISO стандартын әзірлеуді ұсынды Фото: finratings.kz

Соның салдарынан терминологияға, жіктеуге, таңбалауға және сапаны бағалауға қойылатын талаптарда айырмашылықтар туындап, экспортқа кедергі келтіруі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

"ҚазСтандарт" РМК бас директоры Мәлік Сәулебайдың айтуынша, бүгінде халықаралық деңгейде жылқы етінен жасалатын дайын өнімдерге ортақ талап жоқ.

– Қазақстанда жылқы еті мен одан жасалатын өнімдерге арналған стандарт қолданылады. Бірақ халықаралық деңгейде мұндай стандарт жоқ. Өнім ISO талаптарына сай стандартталса, оны халықаралық нарықта ілгерілету әлдеқайда жеңіл болады. Сондықтан Қазақстан осы бастаманы көтерді, – деді ол Астанада өткен ет өнімдерінің сапасы жөніндегі халықаралық форумда.

Болашақ құжатқа негіз ретінде ГОСТ 34921–2023 "Ұлттық жылқы еті өнімдері. Техникалық шарттар" стандартын пайдалану ұсынылып отыр.

Мәлік Сәулебайдың сөзінше, онда еттің құрамы, химиялық сипаттамалары, қауіпсіздігі және адам денсаулығына ықтимал қауіп төндіретін микробиологиялық көрсеткіштер ескеріледі.

– Ең бастысы – жылқы етінен жасалатын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасы. Стандартта қауіпсіздік пен сапаға, еттің құрамы мен химиялық сипаттамаларына қатысты талаптар қамтылады, – деді "ҚазСтандарт" бас директоры.

Бастама әзірге қаралу сатысында. Халықаралық стандартты әзірлеуге кірісу үшін тиісті кіші комитеттің 20 мүшесінің кемінде бесеуі ұсынысты қолдауы керек.

Әзірге Қазақстанның бастамасын Қытай мен Жапония қолдап отыр.

– 20 мүшенің бесеуі қолдап дауыс берсе жеткілікті. Осыдан кейін стандартты әзірлеуге кірісеміз. Негізгі әзірлеуші "ҚазСтандарт" болады. Жұмысқа отандық өндірушілерді, кәсіпкерлерді, сарапшылар мен зертханаларды тартамыз, – деді Мәлік Сәулебай.

Бастама ISO/TC 34/SC 6 "Ет, құс еті, балық, жұмыртқа және олардан жасалған өнімдер" кіші комитетінде қаралады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу