Қазақстан жылына 300 мың тонна авиаотынды сырттан сатып алуға мәжбүр

372

Себебі, ішкі өндіріс көлемі қажеттілікті толық жаппайды.

Қазақстан жылына 300 мың тонна авиаотынды сырттан сатып алуға мәжбүр Фото: canva

Импортқа тәуелділік елде авиаотын бағасының қымбат болуына әкеліп отыр.

Аталған мәселе жайында Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов "24KZ" телеарнасындағы "Түйін" бағдарламасында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Авиаотын қымбат болуының басты себебі, өзіміздің ішкі нарықтағы мұнай өндіру зауыттарының авиаотын өндіру көлемі тиісті деңгейде емес. Мәселен, бізге қазіргі уақытта Шымкент, Атырау, Павлодар қалаларындағы мұнай өндіру зауыттары жылына 700 мың тонна шығарады. Алайда, біздің тұтыну көлеміміз миллион тоннадан асады. Сондықтан, тапшылық кезде әрине баға да қымбат болады", – деді Сәрсен Жарылғасов.

Спикердің айтуынша, Қазақстан авиаотынды негізінен Ресейден сатып алады. Отандық МӨЗ өндіретін мұнай өнімдерінің 6-8%-ы ғана авиаотын.

Егер оны ұлғайтатын болсақ, басқа мұнай өнімдерінің үлесін азайту керек. Бұл әзірге ішкі нарыққа тиімсіз.

2030 жылға қарай елдегі 3 МӨЗ жаңғыртудан өткеннен кейін жылына 1,5 млн тонна авиаотын өндірілетін болады. Демек, 4 жылда отандық авиаотын өндіру көлемін екі есе ұлғайту мәселесі тұр.

"Мемлекет тарапынан жасалып жатқан тиісті шаралар бар. 1 қаңтардан бастап импортталған авиаотын ҚҚС және кедендік баждың 5%-ын төлемейді. Бұл шаралар импортталған авиаотын бағасының төмендеуіне әсер етеді деп сенеміз. Ал өзімізде шығарылып жатқан авиаотын бағасы қолжетімді", – деп түйді Сәрсен Жарылғасов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу