ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі "өзін-өзі жұмыспен қамтығандар" түсінігін нақтылауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, парламент мәжілісінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов депутаттардың сауалына жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, еңбек министрлігі жол картасын әзірлеп, оның аясында елде заңнамалық тұрғыда "өзін-өзі жұмыспен қамтыған" түсінігіне анықтама беру жоспарланып отыр. Осы орайда аталған санатқа кімдер жатқызылатыны нақтыланбақ.
"Біз бүгінде жол картасында мемлекеттік органдармен, қоғамдастықпен, депутаттармен бірлесе осының барлығына түсінік беру мақсатын қойып отырмыз. Бұл тұрғыда оларды қандай да бір санатқа бөлу мүмкіндігі ескерілген. Мүмкін тіркеліп жұмыс істегендер кәсіпкер атанса, ал қалғандары өзін-өзін жұмыспен қамтығандар санатына жатқызылса. Бізде 600 мыңнан астам адам жеке үй шаруашылығында жүр. Бізге олар немен айналысып жүргенін түсініп алу керек, яғни бұл адамдар өнімдерін сата ма немесе тек өздері үшін ғана картоп өсіре ме?" - деп тоқталды ол.
Белгілі болғандай, жол картасын қабылдап, заңнамаға өзгерістерді 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ұсыну жоспарланып отыр. Нұрымбетовтің атап өтуінше, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мәліметіне қарағанда, 5,5 миллион адамның мәртебесі анықталмаған. Еңбек министрлігінің үй-үйді аралау сауалнамасы нәтижесінде, елде 2,7 миллионға тарта адам ресми емес жұмыс істеп жүргені анықталды.