Қазақстанда 1,5 мың жедел жәрдем бригадасы бар

342

10 мың адамға 1 жедел жәрдем бригадасы есептелген.  

Қазақстанда 1,5 мың жедел жәрдем бригадасы бар Фото: inbusiness.kz

Сенатор Руслан Рүстемов жедел жәрдем қызметі саласындағы мәселелерді көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Жедел жәрдем қызметіндегі кадр тапшылығы еліміздің барлық өңір үшін өзекті және жедел жәрдем жұмысындағы жағдайдың нашарлауына басты себептің бірі. Қазіргі уақытта елде 1530-ға жуық жедел жәрдем бригадасы бар. Қолданыстағы нормативпен 10 мың адамға 1 жедел жәрдем бригадасы қарастырылған. Мәселен, ел халқының саны 20 млн болған жағдайда елдегі бригадалар саны 2000 болуы керек. Яғни бригадалардың қазіргі тапшылығы 470-тен астам бригаданы құрайды. Өңірлердің деректері бойынша бір жедел жәрдем бригадасына жұмсалатын орташа шығыстар жылына 63,5 млн теңге. Осылайша жедел жәрдемнің жиынтық тапшылығы шамамен 30 млрд теңгені құрап отыр. (...) 2023 жылы қанша медициналық жедел жәрдем бригадасы қосымша қаржыландырылды? 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті қарау барысында жедел жәрдем бригадасына қанша қаражат бөлінді?", - деді сенатор Руслан Рүстемов. 

Ажар Ғинияттың сөзінше, министрлік жыл сайын кешенді жан басына шаққандағы тарифті көтеріп отыр. 

"Биылдың өзінде 1 қыркүйектен бастап осы нормативті 12 пайызға көтердік. Келесі жылдың бюджетінде 100 млрд теңге қарастырылды. Егер келесі жылы халықтың саны көбейіп, адам басына шаққан норматив жетпей жатқан жағдайда Қаржы министрлігімен бірігіп отырып, қосымша қаражат қаралатын болады. Биылдың өзінде 9 млрд теңгедей қосымша қаражат қаралды. Қазіргі таңда жедел жәрдем стансаларында 1500 бригада жұмыс істейді. Төртінші санаттағы шұғыл жедел жәрдем көрсететін қызметке барлық емханада 464 бригадалар қарастырылған. Сондықтан халыққа 2 мыңдай шұғыл көмек көрсететін бригадалар бар",  - деп жауап берді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу