Қазақстанда 1,8 млн бала спортпен тұрақты айналысады

Мұндай статистиканы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мысал етті.   

Қазақстанда 1,8 млн бала спортпен тұрақты айналысады Фото: lucky child

Үкімет отырысында ол қазір ел бойынша 922 дене шынықтыру клубы жұмыс істейтінін де жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Министрлік мәліметінше, 1,8 миллион баланың спортпен айналысуы – жақсы көрсеткіш. Бұл елдегі балалар мен жасөспірімдердің 34,6 пайызына тең. Дене шынықтыру және спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 45 пайызға жеткізу міндеті қойылған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру және спортпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қазір Қазақстанда 1,8 миллион бала мен жасөспірім спортпен тұрақты айналысады, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Қазір елдегі 922 дене шынықтыру клубында 305 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Бұдан бөлек, 526 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 400 мыңға жуық бала жаттығады. Ал 16 облыстық мектеп-интернатта 6 441 тәрбиеленуші білім алуда. 

Министрлік жазғы демалыс кезінде де спорт мектептеріндегі оқу-жаттығу сабақтары тоқтамайтынын алға тартады. 

– Балалардың белсенді демалысын қамтамасыз ету үшін Ақмола облысындағы "Парус", Шығыс Қазақстан облысындағы "Сарыбел" және Абай облысындағы Алакөл демалыс аймақтарында сауықтыру-спорттық лагерьлер ұйымдастырылады, – деді министр.

Жаз бойы балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі жарыстар өтеді. Атап айтқанда, 6 спорт түрінен ұлдар мен қыздар арасында кемінде 10 республикалық чемпионат пен турнир өткізу жоспарланып отыр. Оған 9 бен 15 жас аралығындағы балалар қатысады. Ұлттық спорт түрлері бойынша да жарыстар қарастырылған. Демалыс кезінде "Жас Үміт" тоғызқұмалақ халықаралық турнирі, жамбы ату, аударыспақ, асық ату, қазақ күресі және дәстүрлі садақ атудан Қазақстан чемпионаттары өтеді.

Сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде Балаларды қорғау күні мен Спорт күніне арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында турнирлер, чемпионаттар, жүгіру жарыстары, спартакиадалар мен марафондар бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу