Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына орынсыз тыйымға қарсы петицияны журналист, блогер және Tastau.qaz қауымдастығының негізін қалаушы Татьяна Фоминова жазған, деп жазады Inbusiness.kz.
Электронды темекілерге қатысты даудың басы 10 мамыр күні Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың вейптердің оқушылар арасында кең пайдаланылуына қатысты алаңдаушылық білдіріп, оған тыйым салуға ұсыныс білдіруінен басталды. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі де бірден қолдап, көп ұзамай 29 шілдеде Respublika партиясы ведомствоаралық комиссия мүшелері Қазақстанда вейптерді сатуға, импорттауға, экспорттауға және өндіруге толық тыйым салуды енгізу үшін бірауыздан дауыс бергенін хабарлады.
Кейін "Ашық НҚА" порталында Денсаулық сақтау министрлігі вейптерге тыйым салуға қатысты Азаматтардың денсаулығы туралы кодекске түзетулер енгізуді көздейтін құжаттың жобасын жариялады. Құжатты талқылау мерзімі 12 маусымға дейін созылды.
Жобада вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелгені, дайындағаны, сатып алғаны, сатқаны, тасымалдағаны үшін Қылмыстық кодекске 3000 АЕК-ке дейінгі айыппұл (10,3 млн теңге) немесе бас бостандығын шектеу, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру туралы бап енгізілсін;
"темекі бұйымдарының өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Заңның 3-бабына темекі бұйымдарының өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеудің қосымша шаралары ретінде тексеру және профилактикалық бақылау енгізілсін;
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс еркін саудаға тыйым салынған немесе ҚР заңнамасымен шектелген тауарларды заңсыз сатқаны үшін 25 АЕК (86 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салу туралы баппен толықтырылсын деген өзгерістерді қабылдау ұсынылды.
Халық денсаулығы туралы кодекске түзетулер 2023 жылдың қазан айында қабылданған жағдайда, жаңа шектеулер 2024 жылы күшіне енеді.
Жалпы Қазақстан бойынша электронды темекіні 1 млн астам адам пайдаланады және Tastau.qaz қозғалысының негізін қалаушы Татьяна Фоминованың айтуынша, оны біраз жұртшылық темекіге тәуелділіктен құтылуға көмектесетін құрал ретінде қолданады. Сондықтан 18 мамыр күні Татьяна Фоминова вейптерге тыйым салуға қарсы петиция жариялады. Бүгінде оған 100 мыңнан астам қол қойылды, көбіне Алматы (18 236), Астана (17 760), Шымкент (15 486) тұрғындары белсене дауыс берген.
"Вейптерге тыйым салу шарасы 1 млн астам адамға өз әсерін тигізеді. Ал бұл адамдар кезінде шылым шегуден бас тартып, салыстырмалы түрде зияны аздау темекі түріне көшкендер. Қазір заң шығарушылар осы адамдарға қарсы шығып отыр", — дейді спикер.
Татьяна Фоминова айтуынша, электронды темекіге тыйым салу, біріншіден, темекі өндірушілердің мүддесіне ғана жұмыс істейтін сияқты, екіншіден, министрліктердің шарасыздығын көрсетеді.
"Енгізілейін деп отырған өзгерістер темекі өндірушілердің мүддесін қорғауға бағытталған сияқты көрінеді, себебі электронды темекі жойылса, шылымға сұраныс артатыны анық. Мысалы, былтыр үкімет қыздырылған темекіге акцизді көтерген кезде темекі өндірушілердің бірінің сатылымы 25%-ға, екіншісінде 30%-ға ұлғайған", — деп түсіндірді спикер.
Ал вейптердің оқушылар арасында кеңінен таралуы құзырлы министрліктердің шарасыздығынан туындап отыр. Өйткені 18 жасқа толмаған адамдарға вейптерді сатуға тыйым салу "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 110-бабында көзделген. Сондай-ақ, темекі өнімдері, тағы да электронды өнімдерді қоса алғанда, кассада сатылмауы және ашық жерде тұрмауы керек деген норма бар. Алайда осы ережелердің сақталуын тексеріп жатқан ешкім жоқ, жағдай ушығып кеткеннен кейін, әрине, бүкіл өнімге тыйым салу оңай болып отыр, дейді Т. Фоминова.
Сонымен қатар, Қазақстан вейпинг ассоциациясы төрағасы Ренат Шамерзаев тыйым тек заңды сатушыларға ғана қатысты болады, яғни тағы бір көлеңкелі бизнес түрінің өрбуіне жол ашады деп отыр.
"Аталмыш тыйым тек заңды сатушыларға қатысты болады. Ал статистика бойынша, Қазақстанда көлеңкелі нарық үлесі 70%-ды құрайды, яғни қалған заңды сауда жүргізетін 30%-ға тыйым салынса, бизнес 100% көлеңке астында қалмақ", — деді спикер.
Qazspirits қауымдастығының басшысы Дмитрий Жуков өз кезегінде 2021 жылы үкіметке электронды темекі санатын реттеу туралы ұсыныс жібергенін еске салды.
Бірақ оның айтуынша, темекіге қарсы ұйымдар мен Денсаулық сақтау министрлігі мұндай реттеу ЕАЭО деңгейінде енгізілуі тиіс деп, ұсынысты қараудан бас тартты, салдарынан кәмелет жасына толмаған жастар еш қиындықсыз вейпке қол жеткізетін жағдайға жетіп отырмыз.
Сөз соңында петицияның авторлары мен жақтаушылары дамыған елдердің үлгісіне сүйене отырып және көршілердің тәжірибесін ескере отырып, вейптерді тек кәмелетке толмағандарға тыйым салуды талап етеді.