Қазақстанда 14 мыңға жуық алтын құйма сатылды

176

2024 жылдың III тоқсанында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 475,5 келі 13 940 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда 14 мыңға жуық алтын құйма сатылды Фото: canva.com

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 7,4 тонна 199 235 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма.

Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 24% (48 629 дана). Одан кейін 100 грамдық алтын құйма – 47 227 дана (24%), 5 грамдық құйма – 44 127 дана (22%), 20 грамдық құйма – 31 612 дана (16%), және 50 граммдық құйма – 27 640 дана (14%).

2024 жылғы III тоқсанда алтын құймалардың ең көп бөлігі мына өңірлерде сатылды: Алматыда (8 101 дана, 58%), Шымкентте (1 279 дана, 9%) және Астанада (1 243 дана, 9%).

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама жүзеге асқалы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген пунктер жалпы салмағы 1,1 тонна 41 058 алтын құйманы кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 21%-ы. Олар кері сатып алуға қабылдаған өлшемелі құймалардың барлығы халыққа Ұлттық банктің филиалдарына кері тапсырусыз сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және бедерлі жиегі бар) және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады.

Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Қазір алтын құймаларды бірқатар екінші деңгейлі банктерде, сондай-ақ банктік емес жекелеген пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу