1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы" Жарлыққа қол қойды. 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді, деп жазады strategy2050.kz.
1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.
Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.
1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот – Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.ҚР Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.