Қазақстанның барлық өңірлерінде шамамен 15 мың онкологиялық науқас сәулелік терапия қабылдап жатыр. Олардың арасында 200-ден астам бала бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде елімізде сәулелік ем жүргізуге арналған заманауи медициналық жабдықтармен қамту деңгейі артты. Барлық дерлік өңірлерде сызықтық үдеткіштер орнатылған. Қарағанды мен Семей қалаларында екі-екіден, Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында төрт, ал қалалық онкология орталығында екі аппарат жұмыс істейді.
Соңғы екі жылда Қазақстанда сәулелік терапиямен қамтылған онкологиялық пациенттердің үлесі 60%-ға жуықтап, бұл көрсеткіш дамыған Еуропа елдерінің деңгейіне жақындады.
Осы бағыттағы заманауи емдеу әдістері туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Радиология орталығының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, 37 жылдық еңбек өтілі бар радиациялық онколог Виктор Ким айтып берді.