Жеке істерді зерделеу уағында әскерге шақырылушылардың сауалнама деректері анықталып, әрбір жас азаматпен және оның ата-аналарымен әңгімелеседі. Зерделеу барысында әскерге шақырылушылардың алған мамандықтары міндетті түрде ескеріліп, сонымен қоса олардың моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене бітімі, жалпы білімі, арнайы дайындығы мен отбасы жағдайы жөніндегі мәлімет нақтыланады.
Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған, тергеуде жүрген, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері ретінде арнайы есепте тұрған адамдар басты назарға алынады.
"Алдын ала зерделеу бастапқы кезеңде қандай да бір әскер түрлері мен тектерінде әскери қызмет өткеруге әзір жастардың сапалық құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Әскерге шақырудан босату негіздерінің заңдылықтары, оның ішінде денсаулық жағдайы да тексеріледі. Бір күнде шамамен 800-900 әскерге шақырылушы келеді. Әскерге шақыру жасындағы барлығы 90 мыңнан астам жасөспірім зерделенеді", – деді Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Аян Еслямов.
Жергілікті әскери басқару органдары Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне және Ұлттық ұланына әскерге шақыруды жүзеге асырады. Биыл көктемде шамамен 17 000 азамат әскерге шақырылады. Олардың 6 500-ден астамы Қарулы Күштердің бөлімдері мен бөлімшелерінде қызмет етеді.