Қазақстанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін 172 маусымдық балаларды сауықтыру лагері оң санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жазғы маусым басталар алдында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ауыз судың сапасын, ас блоктарын, тұрғын үй-жайларды, аумақтарды, жағажайлар мен бассейндерді тексерді. Санитариялық қорытындысы жоқ лагерьлердің жұмысына рұқсат берілмейді.
Денсаулық сақтау министрлігі балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметін әр ауысым барысында тұрақты бақылауда ұстайды.
Ведомство ата-аналарға санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар лагерьлердің жаңартылып отыратын тізімін алдын ала қарап шығуға кеңес берді. Сондай-ақ балалардың қауіпсіз әрі салауатты демалысын қамтамасыз ету жазғы сауықтыру науқанының басты басымдықтарының бірі екені атап өтілді.