2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам қазақстандық оқушы аяқтайды. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"22 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары биылғы оқу жылын аяқтауға әзірлік үстінде. Бұл ұйымдарда биылғы оқу жылында 5 миллионнан астам бала білім мен тәрбие алды. Осы жылы 341 мыңнан астам түлек 9-сыныпты аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. 11-сыныпты 186 мыңнан астам түлек бітіреді. ҚР Оқу-ағарту Министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 2024 жылдың 25 мамырында аяқталады", - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
24 мамырда республиканың барлық мектептерінде 1-10 сыныптар оқушыларына "Білімім – Отаныма!" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді.
25 мамыр күні мектеп түлектерінің қатысуымен "Мектебім, саған мың алғыс!" атты салтанатты іс-шара мектеп қабырғасында өткізіледі.
Бастауыш сынып оқушылары мамыр айының соңғы күндерінен дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады.
"Ал 5-11 сынып оқушыларына 27 мамырдан бастап емтихандар өткізілетін болады. Емтихандар аяқталған соң олар да жазғы демалысқа шығады. Биыл алғашқы рет білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында 5-8, 10 сыныптар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен аралық емтихандар өткізіледі", - деді ведомство өкілі.