Балалар 1 сыныпқа бірыңғай мектеп бағдарламасын меңгеруге барынша бірдей дайындықпен келуі үшін, Қазақстанда мектепалды дайындыққа бірыңғай оқу бағдарламасы мен бірыңғай базалық оқулықты енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР БҒМ-де мәселе жаңа нөлінші сыныптарды енгізуде емес, олар балабақша мен мектеп базасындағыдай мектепке дейінгі дайындық түрінде елімізде бұрыннан бар, мектепалды дайындық топтарында балалар ата-аналардың қалауы бойынша бес немесе алты жастан бастап оқиды және бұл өзгеріссіз қалады деп түсіндірді.
"2016 жылдан 1 сынып оқушылары бірыңғай оқу бағдарламасы, бірыңғай базалық оқулықтармен білім алды. Ата-аналардың пікірінше, мектепалды дайындық тобындағы (нөлінші сынып) балалар да осылай бірыңғай оқу бағдарламаларымен оқытылуы қажет", – делінген хабарламада.
ҚР БҒМ 2017 жылдан бастап пилоттық режимде еліміздегі мектепалды дайындық топтарына, білім мекемелеріндегі мектепалды дайындыққа (нөлінші сынып) бірыңғай оқу бағдарламалары мен бірыңғай базалық оқулықтарды енгізу жоспарлауда.
Білім саласындағы тәжірибелі педагогтар мен ғалымдардың пікірлерінше, мектепалды дайындықтан бастап балалар "Әліппені" ("Букварь") меңгерулері қажет. 5-6 жастағы балалар үшін "Әліппені" ("Букварь") үйрету жүктемесі қазіргідей үш айдың ғана көлемінде жүргізілмей, толық оқу жылы барысында меңгеруге бағытталатын болады. Балалар әріптерді тануға, буындап оқуға, тыңдалған дыбыстық сөздерге талдау жасауға үйренетін болады.
"Жазуға міндетті түрде үйрету туралы айтылып тұрған жоқ, тек 1 сыныптан бастап қана жазуға үйрету басталады. Өйткені 5-6 жастағы балалардың ұсақ моторикасы жазу үшін жеткілікті деңгейде дамымаған", – деп нақтылады ведомствода.
Қазіргі таңда ҚР БҒМ 5-6 жастағы мектепалды дайындық балалары үшін интерактивті технологиялар негізінде балалардың қабылдауына ыңғайлы "Әліппе" ("Букварь") оқулығын әзірлеуді бастады.