Қазақстанда 260 мың кәсіпкер күніне бір ғана чек шығарып келген

250

400 мың кассаның ішінен биыл 70 мың кәсіпкер чек бере бастаған.  

Қазақстанда 260 мың кәсіпкер күніне бір ғана чек шығарып келген  Фото: Экология

Елімізде бір ай бойы күніне тек бір ғана чек шығарып келген 260 мыңға жуық салық төлеуші анықталды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, бюджеттің түсіміне жататын салықтар сомасының төмендеуіне тікелей әсер ететін, жекелеген кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті сақтамауы орын алып отыр. 

"Кәсіпкерлерден фискалдық чектер талап ету бойынша азаматтардың мәдениетін көтеруге ерекше назар аудару керек, себебі бұл, бірінші кезекте, олардың тұтынушылық құқықтарын қорғау болып табылады. Мәселен, 2024 жылы 402 мыңға жуық бақылау-кассалық машинасы немесе тіркелгендердің 39% чек бермегені анықталды. Сонымен қатар, 16 755 бақылау-кассалық машина POS-терминалдар мен QR-төлемдер бойынша түсімдер болғанымен чек берілмеген. Бір ай бойы күніне тек бір ғана чек шығарып келген немесе түсімнің бірдей сомасын көрсетіп келген 260 мыңға жуық салық төлеуші анықталды", – деді министр Үкімет отырысында.

Мәди Такиев тиісті жұмыстардың нәтижесінде 400 мың кассаның ішінен биыл 70 мың кәсіпкер чек бере бастағанын айтты. 

Министр цифрлық шешімдерді енгізу аталған фактілерді жедел анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік береді деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу