Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматы онкология орталығының онкогинекологы Асқар Есқожаұлы Айдаровтың айтуынша, вакцинация 11 жастағы қыз балаларға жоспарлы түрде жүргізіледі. Егер екпе уақытында салынбаса, оны 17 жасқа дейін алуға болады.
Маман АПВ-ға қарсы вакцина жатыр мойны обырының және бірқатар басқа да онкологиялық аурулардың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
"Уақтылы жүргізілген вакцинациялау вируске тап болғанға дейін иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді және аурудың даму қаупін едәуір төмендетеді. АПВ-ға қарсы тегін вакцинациялау – бүгінгі таңда қыз балалардың денсаулығын сақтап, болашақта жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған маңызды мемлекеттік кепілдік", – деді маман
Бүгінгі таңда 11–13 жас аралығындағы 265,2 мыңнан астам қыз бала вакцинаның бірінші дозасын алған, ал 175,1 мыңы екпенің екінші дозасын қабылдап, вакцинациялау курсын толық аяқтады.
2026 жылдың басынан бері 51,4 мың қыз бала бірінші дозамен, 49,6 мың қыз бала екінші дозамен қамтылды.
Сонымен қатар, 13 мамырдан бастап 14–17 жас аралығындағы қыз балаларға ерікті вакцинация жүргізілуде. Осы уақыт аралығында 32,2 мыңға жуық жасөспірім алғашқы дозаны алды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вакцина алғандар арасында екпеден кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген.