Табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 4 мыңнан астам дерегі анықталып, оның ішінде 93 қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ІІМ мәліметінше, 25 қазанда Ақмола облысының Егіндікөл ауданында автокөлікті тексеру барысында 33 жабайы қаз және аңшы қаруы табылып, тәркіленді. Күдіктіде рұқсат құжаттары болмаған.
Сонымен қатар 4 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтсақ: аңшылық ережелерін бұзғаны үшін – 2 мыңнан астам, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін – 627 және басқа құқық бұзушылықтар үшін – 685. Жалпы 39 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Іс-шара жүргізу барысында 258 текше метр заңсыз дайындалған ағаш, 4 тоннадан астам балық, 255 дана киік мүйізі, 11,6 шақырым тыйым салынған аулау құралдары, одан басқа 358 дана аңшылық қаруы, оның ішінде ішкі істер органдарында тіркелмеген 120 қару тәркіленді.