Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар 470 балада даму және денсаулық көрсеткіштерінің жақсарғаны байқалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған үй жағдайында заманауи оңалту жабдықтары мен цифрлық технологияларды қолдану ықпал етіп отыр.
"QH. Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту" пилоттық жобасы аясында бүгінге дейін 628 бала кешенді оңалту көмегін алған. Жобаны Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы мен "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Жоба аясында балаларға көпфункционалды бейімделген креслолар, MyWay жүріп-тұру құрылғылары, вертикализаторлар мен арнайы тренажерлар беріледі. Қазір қалпына келтіру процесінде 405 арнайы техника бірлігі қолданылып жатыр.
Оңалту барысында кей балалар басын өздігінен ұстауды, өз бетінше отыруды және сүйеніп тұруды меңгеріп, алғашқы қадамдарын жасай бастаған.
"Жобаның жоғары тиімділігі мультидисциплинарлық сарапшылар тобының үздіксіз қашықтан сүйемелдеуі арқылы қамтамасыз етіледі. Мамандар әрбір бала үшін жеке оңалту бағытын әзірлеп, оның нәтижелерін цифрлық күнделік арқылы бақылап отырады. Ата-аналар күн сайын орындалған жаттығулар туралы мәліметтерді енгізеді. Нақты уақыт режимінде жүргізілетін талдау оңалту бағдарламасын жедел түзетуге және отбасының оңалту процесіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді", – деді Инклюзия департаментінің директоры Ғазиза Иманғали.
Қазір жоба Шымкент қаласы, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында іске асырылуда. Жыл соңына дейін бағдарламаны Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарына кеңейту жоспарланған.
Жоба жоғары технологиялық оңалту көмегін балалардың тұрғылықты жерінде қолжетімді етуге бағытталған.