Қазақстанда 5 мыңға жуық лифтінің пайдалану мерзімі өткен

993

Оның 4 мыңнан астамы шұғыл түрде қайта жаңартуды қажет етді.

Қазақстанда 5 мыңға жуық лифтінің пайдалану мерзімі өткен

Қазақстанда 5 мыңға жуық лифтінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Оның 4 мыңнан астамы шұғыл түрде жаңартуды қажет етеді. Бұл туралы Қазақстан лифтішілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда "Қазақстан лифт саласының трасформациясы. Даму келешегі мен сын-тегуріндер" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара барысында жеделсатыны жеткізу, орнату, қызмет көрсету талаптары талқыланды.

"2012 жылдан бастап Қазақстан лифт саласында лицензиялау алынып тасталып, лифт саласы біраз қиындықтарға тап болды. Осы кезден бастап нарықта жауапкершілігі жоқ компаниялар пайда бола бастады. Лифтілерде төтенше жағдайлар орын алды. 2018 жылы Ақтөбе қаласында қызмет көрсетуші компанияның немқұрайдылығынан жас келіншек мерт болды. Қайғылы оқиғадан кейін, Елбасының тапсырмасы бойынша біз ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесе отырып "Лифтілер, экскалаторлар, травалаторлар және мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған көтергіштер. Жеткізу, орнату және пайдалануға қатысты талаптар" атты Қазақстанның ұлттық стандартын дайындадық",– дейді Қазақстан лифтішілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев.

Оның айтуынша,бүгінде лифт саласын дамыту мақсатында арнайы жол картасы қабылданған. Құжатқа сәйкес лифтілерді орнату, жөндеу және қызмет көрсетумен айналысатын компанияларды аттестациядан өткізу арқылы сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

"Осы жол картасы аясында лифт саласы реформаланады. Яғни, тозығы жеткен жеделсатылар жаңартылып, отандық лифт шығаратын зауыттарға қолдау көрсетіледі", – деді ол.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда 5 мыңға жуық лифтінің пайдалану уақыты мерзімінен асып кеткенін және оның 4 мыңнан астамы шұғыл түрде қайта жаңартуды қажет ететінін атап өтті.

"Бүгінгі таңда лифт шаруашылығының басым бөлігі өзінің нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен. Лифтінің қызмет көрсету уақыты 25 жыл. Алайда бізде 30 жылдан бері қызмет етіп жатқан жеделсатылар бар", – дейді Ержан Игібаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу