Қазақстанда 500 млн долларлық қорға қолжетімділігі бар Түркі әйелдер академиясы іске қосылды

374

​Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің әйел кәсіпкерлеріне халықаралық экспорттық нарықтарға шығуға қолдау көрсетіледі.

Қазақстанда 500 млн долларлық қорға қолжетімділігі бар Түркі әйелдер академиясы іске қосылды Фото: Түркі әйелдер кооперациясы

Бүгін Алматыда өткен New Vision 2026 халықаралық форумында ТМҰ елдерінің әйел кәсіпкерлеріне арналған жаңа алаң – "Turkic World Academy" Түркі әйелдер кооперациясы академиясы іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа халықаралық хаб Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) мен Түркі әйел кәсіпкерлері кеңесінің қолдауымен құрылып, бірлескен кәсіпорындарды іске қосуға арналған бірыңғай алаңға айналады. Академияға қатысушылар үшін басты артықшылық – капиталы 500 млн АҚШ долларын құрайтын Түркі инвестициялық қорының инвестициялық мүмкіндіктеріне қол жеткізу.

Бүгінде әйелдер өңір экономикасында маңызды рөл атқарады: Қазақстанда олар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48%-ын (1 миллионнан астам субъект), Өзбекстанда – 40%-ын, ал Әзербайжанда – 24%-ын басқарады. Соған қарамастан, көптеген кәсіпкерлер өндіріс көлемін ұлғайту мен шетел нарықтарына шығуда қиындықтарға тап болып отыр.

"Халықаралық нарықта жұмыс істеу үшін өнім көлемі жеткілікті әрі тұрақты болуы керек. Шағын бизнеске экспорттық келісімшарттардың талаптарын жеке өзі орындау қиын. Сондықтан өндірістік кооперацияға көшу – бизнесті кеңейтудің ең тиімді әрі практикалық жолы", – деп түсіндірді Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Түркі әйел кәсіпкерлері кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

"Turkic World Academy" Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркиядан келген кәсіпкерлерді бір алаңға жинайды. Оның басты мақсаты – өзара бәсекені күшейту емес, күш пен мүмкіндікті біріктіріп, экспорттық әлеуетті арттыру.

Алғашқы кезеңде төрт бағыт бойынша бірлескен жобалар қолға алынады:

агроөнеркәсіп кешені;

жеңіл өнеркәсіп;

IT және цифрлық қызметтер;

трансшекаралық сауда.

Академия алғашқы жылы мыңнан астам әйел кәсіпкерді қамтып, кемінде 100 компаниядан тұратын тұрақты серіктестік желісін қалыптастыруды жоспарлап отыр. Қатысушылар тәжірибе алмасып, технологияларды бірге игеріп, ортақ өңірлік брендтерді дамытуға мүмкіндік алады.

"Әйелдер кәсіпкерлігі тарихи тұрғыдан алғанда сенім деңгейі мен іскерлік байланыстарының тұрақтылығы ең жоғары салалардың бірі болып саналады. Біздің міндетіміз – осы әлеуметтік капиталды нақты экономикалық құралға айналдырып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту", – деп қосты Лаззат Рамазанова.

Бұл бастама түркі мемлекеттері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда. Форум барысында Академия ұйымдастырушылары ірі технологиялық компаниялар мен банктерді жаңа әйелдер бизнес-альянстарының серіктесі болуға шақырды.

Анықтама:

New Vision 2026 жаһандық форумы Алматы қаласында 11–13 маусым аралығында өтуде. Форумға әлемдік бизнес көшбасшылары қатысуда. Олардың қатарында Дон Тапскотт, Джон Кехо және Жозе Мануэл Баррозу бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу