2026-2027 оқу жылына Қазақстанда білім алуға арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарламаның конкурстық іріктеуі аяқталды. Нәтижесінде 550 шетел азаматы стипендия иегері атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бағдарлама аясында бакалавриатқа 490, магистратураға 50, докторантураға 10 грант бөлінді.
Биыл байқауға әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер қатысты. Олардың арасында Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері – қандастар да бар.
Бағдарлама 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және дарынды шетелдік жастарды Қазақстанның жоғары оқу орындарына тарту.
Биыл стипендия иегерлері 27 жоғары оқу орнында білім алады. Университеттер конкурсқа 886 білім беру бағдарламасын ұсынған. Стипендия иегерлерінің басым бөлігі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Astana IT University, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және басқа да жоғары оқу орындарында оқиды.
Бағдарламаға қатысушылардың географиясы да кеңейген. 2025 жылы оқуға ұсынылғандар 26 елден болса, биыл олардың саны 49 мемлекетке жетті. Ең көп өтінім Палестина, Индонезия, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы және Ауғанстаннан түскен.
Биыл алғаш рет АҚШ, Италия, Германия, Мальдив Республикасы және Корея Республикасының азаматтары да стипендия иегерлері атанды.
Мемлекеттік стипендиялық бағдарлама Қазақстанның Орталық Азиядағы білім беру орталығы ретіндегі беделін нығайтып, шетелдік студенттерді қазақстандық жоғары оқу орындарына тартуға мүмкіндік береді.