2020-2026 жылдар аралығында Қазақстанда 31 мың шақырым автомобиль жолы қайта жаңғыртылып, жөнделді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның 12,5 мың шақырымы республикалық, 18,5 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарға тиесілі.
Жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар жол жүру уақытын қысқартуға және өңірлер арасындағы көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Осы кезеңде Көлік министрлігі "Астана – Алматы", "Талдықорған – Өскемен", "Ақтөбе – Атырау – Астрахань", "Меркі – Бұрылбайтал", "Қалбатау – Майқапшағай", Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, "Үшарал – Достық", "Қостанай – Денисовка", "Подстепное – Федоровка", "Ұзынағаш – Отар" және "Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы" сияқты ірі жобаларды аяқтады.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде нормативтік жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 89%-дан 93%-ға, жергілікті жолдар бойынша 71%-дан 91%-ға дейін өсті. Ал төрт жолақты автомобиль жолдарының ұзындығы 2,3 мың шақырымнан 4,4 мың шақырымға жетті.
Жолдардың техникалық параметрлерін жақсарту көліктің орташа қозғалыс жылдамдығын жекелеген учаскелерде сағатына 60 шақырымнан 140 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде негізгі бағыттардың бірқатарында жол жүру уақыты шамамен екі есеге қысқарды.
Жол инфрақұрылымының дамуы ішкі туризмге де әсер етті. Қазір 24 туристік нысанға тұрақты көлік қатынасы қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, соңғы алты жылда жол бойында 412 сервис нысаны салынды. Нормативтік талаптарға сәйкес келетін нысандардың үлесі 66%-дан 94%-ға дейін өсті.
Автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жүйесін дамыту мақсатында ақылы жолдар желісі де кеңейтілді. Бұған дейін олардың ұзындығы 700 шақырым болса, бүгінде шамамен 6,2 мың шақырымға жетті.
Жалпы, жол желісін жаңарту, төрт жолақты трассаларды көбейту және жол бойындағы сервисті дамыту көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік берді. Жаңартылған инфрақұрылым өңірлердің дамуы мен елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етіп отыр.